-A A +A

ҚР ӘМ ССО даму тарихы

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі

Сот сараптамасы орталығының тарихы

 

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы 1951 жылдың сәуір айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Заң комиссиясы жанынан Алматы ғылыми-зерттеу криминалистикалық зертханасы құрылған кезден бастау алады.

1957 жылдың сәуірінде Алматы зертханасы Қазақ КСР Әділет министрлігінің Алматы Сот сараптамасының ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Ол өзінің құрылу мерзімінің реттігі бойынша КСРО-да үшінші сот сараптамасы институты болып табылады.

Алматы Сот сараптамасының ғылыми-зерттеу институтының құрылуы Қазақстандағы сот-сараптамасының ғылыми бағытта дамуына жол ашып берді.

Алғашында Алматы ССҒЗИ штатында заң және жаратылыстану-ғылыми білімдері де бар 6 маман ғана болатын.

Сарапшылардың толық қанды, шығармашылық жемісті еңбек етуі үшін іс жүзінде ғылыми-әдістемелік базаны құрған институттың бірінші директоры, заң ғылымдарының кандидаты Василий Андреевич Хван болатын.

Алматы ССҒЗИ-ның ғылыми және практикалық қызметінің нәтижелері, сот сараптамасының негіздерін әзірлеу саласындағы қол жеткізген жетістіктері Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен Алматы ССҒЗИ Қазақ Сот-сараптамасының ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылуына заңды түрде алып келді. Оның қызметкерлері бүкіл республиканың сот және құқық қорғау органдарының сараптамалық зерттеулерге деген қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырды.

1975 жылдан 1988 жылға дейін Қазақ ССҒЗИ осы лауазымға Қазақ КСР Жоғары Сотынан ауыстырылған заң ғылымдарының кандидаты Мырзабек Бақыткерейұлы Уәлиев басшылық етті.

М.Б. Уәлиев сарапшылардың кәсіптік және ғылыми деңгейін арттыруға барынша ықпал жасап отырды. Казақ ССҒЗИ оның басшылық еткен жылдары 14 адам диссертация қорғап шықты.

1975 жылдан бастап Институтта сараптамалық-профилактикалық бағыт дамыды, Қазақ ССҒЗИ құрылымы өзгертілді. Алматы қаласында орналасқан және 6 бөлімді қамтыған басқару аппаратынан бөлек 1975-1978 жылдары 10 облыстық бөлімше құрылды.

1989 жылы Институтқа заң ғылымдарының докторы, профессор Александр Фидахметович Аубакиров басшылық етті.

90 жылдардың басы Қазақ ССҒЗИ жұмысының ғылыми бағытының күшеюімен сипатталады, сараптамалық зерттеулердің барлық түрлерін автоматтандыру процесі басталды.

Институт қызметін КСРО Әділет министрлігі де, Одақтың басқа сараптама мекемелері де жоғары бағалады. Қазақ ССҒЗИ жұмысының оң тәжірибесі КСРО Әділет министрлігінің барлық сот-сараптамасы мекемелері жүйесіне таратылды.

1989 жылы Институт жанынан аспирантура ашылып, Кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңес құрылды.

1989-1995 жылдар аралығында Қазақ ССҒЗИ Мамандандырылған кеңесінде 12 адам диссертацияларын қорғап шықты, олардың қатарында Институт қызметкерлерімен бірге құқық қорғау органдарының және республика ЖОО-ның қызметкерлері де болды.

«Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 22 сәуірдегі Жарлығын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 11 тамыздағы № 1245 қаулысымен Қазақ ССҒЗИ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы болып қайта құрылды. Осылайша, елімізде бірыңғай сараптама жүйесі құрылған болатын.

Жасалған өзгерістерді және сарапшының қылмыстық қудалау жүйесінен тәуелсіздігі идеясын одан әрі іске асыру мүмкіндігін нормативті тұрғыда бекіту үшін 1997 жылдың қараша айында «Сот сараптамасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ол Қазақстан Республикасында сот сараптамасын тағайындаудың және жүргізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындап берді.

Қазақстанның экономикалық және саяси дамуына, құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауға, сондай-ақ ғылым мен техниканың, сонымен бірге Орталықтың ғылыми-әдістемелік және ғылыми-зерттеу базасының дамуына байланысты заманауи талаптарға сәйкес келетін жаңа заң қабылдау қажеттігі туындады.

Осыған байланысты 2010 жылғы 20 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заңда заңнамалық тәртіппен сараптаманы жүргізу мерзімі, сот сараптамасы органы басшысының құқықтары мен міндеттері, сот сарапшылары мен сот-сараптамалық зерттеу әдістемелерінің мемлекеттік тізілімдерін жүргізу және т.с.с. айқындалды.

Осы заңды іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 4 қаулысы және Әділет министрінің 10 астам бұйрығы бекітілді.

Қазіргі таңда Сот сараптамасы орталығы өз қызметін ғылыми-өндірістік (сараптамалық), ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік бағытта атқарады.

Орталық құрылымы жағынан басқару аппараты мен он сегіз ғылыми-өндірістік зертханадан, сондай-ақ аумақтық және желілік ішкі істер бөлімшелеріне қызмет көрсететін отыздан астам сараптамалық бөлімшелерден тұрады.

Ғылыми-өндірістік зертханалар құқық қорғау органдары мен соттардың сот сараптамасының әртүрлі түрлеріне деген қажеттіліктерін толық көлемде қамтамасыз етеді.

Сот сараптамасы орталығында қылмыстық және азаматтық істердің әртүрлі санатын тергеу және сотта қарау кезінде қажеттілік туындайтын зерттеудің барлық түрлері жүргізіледі.

Сот сараптамасының жаңа түрлерінің: технологиялық, фоноскопиялық, жарылыс-техникалық, құрылыс-техникалық, қаржы-бюджеттік, компьютерлік технология құралдары сараптамасының, порнографиялық сипаттағы объектілердің, психологиялық-криминалистикалық сараптамаларының ғылыми, әдістемелік және ұйымдастырушылық негіздері қалыптастырылды.

Еліміздің және ТМД елдерінің сот сараптамасы органдарының сараптамалық тәжірибесінде қолданыс тапқан бірқатар өзіндік авторлық әдістемелер жасалды.

Бірқатар қылмыстық және азаматтық істер бойынша жүргізілген сараптамалық зерттеулер өз алдына дербес ғылыми әзірлемелер болып табылады.

Сот сараптамасы орталығында өз қызметкерлерінің, сонымен қатар соттар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де сот сараптамасы саласында біліктілігін арттыру бағытында оқыту-әдістемелік жұмысы жүргізіледі.

Орталықтың авторлық ұжымы қылмыстық және азаматтық іс жүргізу заңнамалары, сот сараптамасының процессуалдық және ұйымдастырушылық негіздері, сарапшылық мамандықтар саласындағы білімдерді қамтитын өзіне тән арнайы бағдарламалар бойынша жүргізілетін, сарапшы кадрларын бастапқы кәсіптік даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жүйесін әзірлеген.

Сонымен бірге Сот сараптамасы орталығы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің сот-сараптамасы мекемелерімен тығыз қарым-қатынас жасайды және «Қазақстан Республикасындағы сот және құқықтық реформаны қолдау» туралы ЕО жобасы шеңберінде тәжірибе алмасып отырады.

2008 жылғы 2 желтоқсанда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің Әділет министрлері кеңесінің Сантк-Петербургте өткен 12-ші отырысында «ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер әділет министрліктерінің сот-сараптамасы мекемелерінде зерттеу жүргізуді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету туралы» мәселе қаралды.

2009 жылғы 23 қазанда Шолпан-Атада өткен 14-ші отырыста Кеңес Сот сараптамасы жөніндегі үйлестіру-әдістемелік комиссиясын құрып, оның ережесін бекітті.

Сот сараптамасы жөніндегі үйлестіру-әдістемелік комиссиясы қызметінің негізігі мақсаты – ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер әділет министрліктерінің сот-сараптамасы мекемелеріндегі ғылыми және оқу-әдістемелік қызметті үйлестіру.

«Қазақстан Республикасындағы сот және құқықтық реформаны қолдау» туралы ЕО жобасы шеңберінде тоқсан сайын семинар ұйымдастырылып өткізіледі. Онда ЕО сот-сараптамасы мекемелелерінің өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады.