-A A +A

ҚР ӘМ ССО Жарғысы

 

Қазақстан Республикасы

Қаржы министрлігінің

Мемлекеттік мүлік және

жекешелендіру комитеті

Төрағасының

2017 жылғы «14» наурыз № 287

бұйрығымен бекітілген

 

 

«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің
Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік
қазыналық кәсіпорнының
Жарғысы

 

Астана қаласы, 2017 жыл

1.       Жалпы ережелер

 

  1. 1. «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.
  2. 2. Кәсіпорын «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жекелеген ведомстволық бағыныстағы ұйымдарын қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 қыркүйектегі № 1352 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Сот медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесін қайта құру жолымен құрылды және оның барлық құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мираскоры болып табылады.

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1005 қаулысына сәйкес Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталады.

«Сот сараптамасының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 1403 қаулысына сәйкес Кәсіпорын «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталады.

«Сот сараптамасының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылығы 3 ақпандағы № 34 қаулысына сәйкес Кәсіпорын «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік мекемесін оған қосу жолымен қайта ұйымдастырылды және оның барлық құқықтары мен міндеттерінің, оның ішінде тараптардың даулы міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып табылады.

  1. 3. Кәсіпорынның құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.
  2. 4. Кәсіпорынның мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.
  3. 5. Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі - тиісті саланың уәкілетті органы) болып табылады.
  4. 6. Кәсіпорынның атауы:

мемлекеттік тілде:

толық - «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;

қысқа - «ҚР ӘМ СМО» РМҚК;

орыс тілінде:

толық - Республиканское государственное казенное предприятие «Центр судебной медицины Министерства юстиции Республики Казахстан»;

қысқа - РГКП «ЦСМ МЮ РК».

  1. Кәсіпорынның орналасқан жері - 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Алматы ауданы, Абай даңғылы, 47-үй.

 

2. Кәсіпорынның заңдық мәртебесі

 

  1. 8. Кәсіпорын мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылған болып есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.
  2. 9. Кәсіпорынның заңнамаға сәйкес дербес теңгерімі, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және Кәсіпорынның атауы бар бланкілері, мөрі болады.
  3. 10. Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаларды құра алмайды, сондай-ақ басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер құра алады.

  1. 11. Кәсіпорын жасайтын және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес міндетті түрде мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын азаматтық-құқықтык мәмілелер, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен өзгеше белгіленбесе, тіркелген сәттен бастап жасалынған деп есептеледі.

 

3. Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсаттары

 

  1. 12. Кәсіпорын қызметінің мәні арнаулы ғылыми білім құралдарымен қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамасын жүргізу, сондай-ақ сот сараптамасы мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру болып табылады.
  2. 13. Кәсіпорын қызметінің мақсаты арнаулы ғылыми білімдер негізінде қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамаларын жүргізуді қамтамасыз ету болып табылады.
  3. 14. Кәсіпорын қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қызметтің мынадай түрлерін жүзеге асырады:
  1. 1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот сараптамаларын, зерттеулерді, оның ішінде келісім негізінде ұйымдастыру және жүргізу;
  2. 2) сот-сараптама қызметі саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысы;
  3. 3) сот-сараптама қызметі саласындағы ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету;
  4. 4) сот-сараптама зерттеулерінің әдістемелерін әзірлеу, байқаудан өткізу және енгізу;
  5. 5) сарапшылық қорытындыларды ішкі және сыртқы рецензиялау;
  6. 6) тиісті саланың уәкілетті органы қарастырған тәртіпте сот-сараптама қызметін жүргізетін адамдарды іріктеуге, даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға, оларға сот сарапшысы біліктілігін беруге қатысу;
  7. 7) тиісті саланың уәкілетті органы қарастырған тәртіпте сот сарапшыларын аттестаттауға қатысу;
  8. 8) сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ұйымдармен бірлескен семинарлар, кеңестер, конференциялар ұйымдастыруға және өткізуге қатысу;
  9. 9) сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастық және халықаралық қызмет;
  10. 10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған ғылыми және ғылыми-әдістемелік зерттеулерді жүргізу;
  11. 15. Кәсіпорын осы Жарғыда бекітілген оның қызметінің мәні мен мақсатына сай емес қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға құқылы емес.

16. Кәсіпорынның Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не оның басшысының  жарғылық құзыретін  бұза отырып, жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

17. Кәсіпорын директорының Кәсіпорынның жарғыдан тыс қызметті жүзеге асыруға бағытталған іс-қимылдары еңбек міндеттерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады.

 

4. Кәсiпорынды басқару

 

18. Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша Кәсiпорынның құрылтайшысы болады;

2) Қазақстан Республикасының атынан Кәсiпорынға қатысты республикалық меншiк құқығы субъектiсiнiң құқықтарын жүзеге асырады;

3) тиiстi саланың уәкiлеттi органының ұсынымы бойынша Кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын, сондай-ақ осы қызметтi жүзеге асыратын Кәсiпорын түрiн айқындайды және Кәсiпорынның Жарғысын, оған енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларды бекiтедi;

4) тиiстi саланың уәкiлеттi органының келiсiмi бойынша Кәсiпорынға берiлген немесе ол өз шаруашылық қызметiнiң нәтижесiнде сатып алған мүлiктi алып қоюды немесе қайта бөлудi жүзеге асырады;

5) Кәсiпорын мүлкiнiң мақсатты және тиiмдi пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;

6) Кәсiпорынның мемлекеттiк мүлiктiң нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелерi бойынша анықталған, артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкiн, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң тиiстi саланың уәкiлеттi органының келiсiмiнсiз алып қоюды жүзеге асырады;

7) Кәсiпорынға алып қойылған мүлiктi күтiп ұстау және оны кейiннен теңгерiмнен шығара отырып, өзге тұлғаға бергенге дейiн сақталуын қамтамасыз ету мерзiмiн белгiлейдi;

8) тиiстi саланың уәкiлеттi органына Кәсiпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келiсiм бередi;

9) Кәсiпорынға бекiтiлiп берiлген мүлiктi (ол өндiрген өнiмдi сатуды қоспағанда) иелiктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге, филиалдар мен өкiлдiктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешектi беруге және есептен шығаруға келiсiм бередi;

10) Кәсiпорынға бекiтiлiп берiлген мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргiзедi;

11) Кәсiпорындардың жұмыс iстеуi мен оларды басқару тиiмдiлiгiнiң мониторингiн ұйымдастыруды және жүргiзудi жүзеге асырады;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретiне жатқызылған өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

19. Тиiстi саланың уәкiлеттi органы:

1) Кәсiпорын қызметiнiң басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсететiн қызметтерiнiң) мiндеттi көлемдерiн айқындайды;

2) мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органға Кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметтi жүзеге асыратын Кәсiпорынның түрiн айқындау жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

3) Кәсiпорынның даму жоспарларын және оларды орындау жөнiндегi есептерiн қарайды, келiседi және бекiтедi;

4) Кәсiпорын мүлкiнiң сақталуына және Кәсiпорынның даму жоспарларының орындалуына талдауды және бақылауды жүзеге асырады;

5) мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органға Кәсiпорын берген немесе ол өзiнiң шаруашылық қызметiнiң нәтижесiнде сатып алған мүлiктi алып қоюға немесе қайта бөлуге келiсiмiн бередi;

6) Кәсiпорынды басқаруды жүзеге асырады;

7) Кәсiпорынның жылдық қаржылық есептiлiгiн бекiтедi;

8) мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша Кәсiпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

9) Кәсiпорынның таза табыстың бiр бөлiгiн республикалық бюджетке толық және уақтылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;

10) Кәсiпорын директорының ұсынымы бойынша оның орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

11) жыл сайын Кәсіпорынның еңбекақы қорының мөлшерін белгілейді;

12) Кәсіпорын директорының ұсынымы бойынша еңбекақы төлеу қоры шегінде штат кестесін және құрылымына келісім береді;

13) Кәсіпорын директорының ұсынымы бойынша Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға келісім береді;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретіне жататын басқа да мәселелерді шешеді.

20. Кәсіпорынның органы оның директоры болып табылады.

21. Директорды тағайындау, оны аттестаттаудан өткізу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

22. Тиiстi саланың уәкiлеттi органы Кәсiпорынның директорымен еңбек қатынастарын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiне сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы ресiмдейдi.

Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiмен белгiленген жағдайлардан басқа, бюджетке таза табыстың белгiленген бөлiгi уақтылы аударылмағаны үшiн Кәсiпорын директорының жауапкершiлiгi айқындалады.

23. Кәсіпорынның директоры Кәсiпорынның қаржы-шаруашылық қызметiне және мүлкiнiң сақталуына дербес жауапты болады.

24. Кәсіпорынның директоры Кәсiпорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-әрекеттi ұйымдастыруға дербес жауапты болады;

25. Кәсіпорын директоры дара басшылық қағидаттарында әрекет етедi және Кәсiпорын қызметiнiң барлық мәселелерiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен айқындалатын өз құзыретiне сәйкес дербес шешедi.

26. Директор:

1)  Кәсіпорынның атынан сенімхатсыз әрекет етеді және оның мүдделерін барлық органдарда білдіреді;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген шектерде Кәсіпорынның мүлкіне билік етеді;

3) шарттар жасасады және өзге де мәмілелер жасайды;

4) сенімхаттар береді;

5) банктік шоттар ашады;

6) Кәсіпорынның барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

7) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Кәсіпорынның қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және олармен еңбек шарттарын бұзады, көтермелеу шараларын қолданады және егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен өзгеше көзделмесе оларды жазаға тартады;

8) тиісті саланың уәкілетті органы келісімі бойынша штат кестесін және құрылымын бекітеді;

9) еңбекақы төлеу коры бекіткен шеңберде штат кестесін, қызметкерлерге сыйақы беру және өзге де сыйлықтар беру жүйесін бекітеді;

10) өзінің орынбасарларын қызметке тағайындау және қызметтен босату үшін тиісті саланың уәкілетті органына кандидатуралар ұсынады;

11) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша өзінің орынбасарларының, Кәсіпорын филиалдарының директорлары мен олардың орынбасарларының құзыретін белгілейді;

12) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын және директорлар орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

13) Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктері туралы ережелерді бекітеді;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

27. Оңалту және банкроттық туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленген тәртіппен Кәсіпорынды банкрот деп таныған немесе оңалту рәсімін қолдану және уақытша не банкроттық немесе оңалту басқарушыны тағайындаған жағдайда басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттық немесе оңалту басқарушыға өтеді.

 

5. Кәсiпорынның мүлкi

 

28. Кәсiпорынның мүлкiн, құны оның теңгерiмiнде көрсетiлетiн Кәсiпорынның активтерi құрайды.

29. Кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейтiн болып табылады және салымдар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерi, пайлар) бойынша, оның iшiнде Кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды.

30. Кәсiпорынның мүлкi:

1) оған меншiк иесi берген мүлiктiң;

2) өз қызметiнiң нәтижесiнде сатып алынған мүлiктiң (ақшалай табыстарды қоса алғанда);

3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражат көздерiнiң есебiнен қалыптастырылады.

31. Кәсiпорынның жүргізуінде тек оның жарғылық мақсаттарымен көзделген қызметiн қамтамасыз ету үшiн оған қажеттi, не осы қызметтiң өнiмi болып табылатын мүлкi болуы мүмкiн.

32. Жедел басқару құқығын алу және тоқтату, егер осы бапта өзгеше көзделмесе немесе аталған заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде меншiк құқығын және өзге де заттық құқықты алу мен тоқтату үшiн көзделген талаптарда және тәртiппен жүзеге асырылады.

33. Жедел басқарудағы мүлiктi пайдаланудың жемiстерi, өнiмi мен кiрiстерi, сондай-ақ Кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасында меншiк құқығын алу үшiн белгiленген тәртiппен Кәсiпорынның жедел басқаруына түседi.

34. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе меншiк иесiнiң шешiмiмен өзгеше белгiленбесе, мүлiкке жедел басқару құқығы, оған қатысты меншiк иесi оны Кәсiпорынға бекiту туралы шешiм қабылдаған, Кәсiпорында мүлiктi өз теңгерiмiне бекiткен сәтiнде туындайды.

35. Кәсiпорынның негiзгi құралдарға жататын мүлiктi сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттары негiзiнде иелiктен айыруға құқығы жоқ.

36. Кәсiпорынның мүлкiне жедел басқару құқығы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 249-бабында көзделген тәртiппен және меншiк құқығын тоқтату негiздерi бойынша, сондай-ақ осы Жарғының 37-тармағында көзделген жағдайларда тоқтатылады.

37. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган тиiстi саланың уәкiлеттi органының келiсiмi бойынша Кәсiпорынға бекiтiлген мүлiктi алып қоюға не оны өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.

38. Жедел басқару құқығындағы мүлiктi алып қою туралы шешiмiнде мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган Кәсiпорынға оны өзге тұлғаға бергенге дейiн алынған мүлікті ұстауын және сақталуын қамтамасыз етудiң мерзiмдерiн белгiлейді.

39. Осы Жарғының 35-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, негiзгi құралдарға жататын, өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi иелiктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге, дебиторлық берешектi мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның жазбаша келiсiмiмен ғана беруге және есептен шығаруға құқылы.

40. Кәсiпорын оған жедел басқару құқығында бекiтiлген негiзгi құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлiкке дербес билiк етедi.

 

6. Кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру

 

41. Кәсiпорынның қызметi өз табысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртiппен алынған бюджет қаражаты есебiнен даму жоспарына сәйкес қаржыландырылады.

Кәсiпорынның даму жоспарларын әзiрлеу және бекiту тәртiбiн мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

42. Кәсiпорынның таза табысының бiр бөлiгiн аудару нормативiн мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.

Кәсiпорынның таза табысының бiр бөлiгi белгiленген нормативтер бойынша Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде белгiленген тәртiппен тиісті бюджетке аударылуы тиiс.

Кәсiпорын таза табысының бiр бөлiгiн тиісті бюджетке аударуды корпоративтiк табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей жүргiзедi.

43. Кәсiпорын өзi өндiретiн өнiмдi дербес өткізеді.

44. Кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын тиiстi саланың уәкiлеттi органы белгiлейдi.

45. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған, Жарғыда көзделмеген қызметтi жүзеге асырудан Кәсiпорын алған табыстар, сондай-ақ бюджеттен қаржыландыру есебiнен құралған, сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) белгiленген бағаларын көтеру нәтижесiнде алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бюджетке алып қоюға жатады. Мүлiктi бухгалтерлiк есеп қағидалары бойынша тиiстi түрде көрсетпей пайдалану фактiлерi анықталған жағдайда, ол да алып қоюға жатады.

 

7. Кәсiпорынның жарғылық капиталы

 

46. Кәсiпорынның жарғылық капиталы меншiк иесiнiнен жарғылық қызметтi жүзеге асыру үшiн басқаруға алынған мүлiктен қалыптасады.

 

8. Кәсiпорынның есепке алуы мен есептiлiгi

 

47. Кәсiпорынның бухгалтерлiк есебiн жүргiзу және қаржылық есептiлiгiн жасау Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасына және қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына сәйкес тиiстi саланың уәкiлеттi органының келiсiмi бойынша Кәсiпорынның директоры бекiтетiн есеп саясатына сәйкес жүзеге асырылады.

Кәсiпорынның жылдық қаржылық есеп беруi бухгалтерлiк теңгерiмдi, табыстар мен шығындар туралы есептi, ақша қозғалысы туралы есептi, өз капиталындағы өзгерiстер туралы есептi, түсiндiрме жазбаны қамтиды.

 

9. Кәсiпорынның жауапкершiлiгi

 

48. Кәсiпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң иелiгiндегi ақшамен жауап бередi. Ақша жеткiлiксiз болған кезде, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы республикалық бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.

 

10. Еңбек ұжымымен өзара қатынас

 

49. Кәсiпорынның әкiмшiлiгi мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiне және ұжымдық шартқа сәйкес айқындалады.

50. Кәсiпорынның жұмыс тәртiбi iшкi еңбек тәртiбi қағидасына сәйкес белгiленедi және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуi тиiс.

 

11. Кәсiпорын қызметкерлерiне еңбекақы төлеу

 

51. Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын тиісті саланың уәкілетті органы белгілейді.

52. Кәсіпорынның қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен бекітілген еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес жүргізіледі.

 

12. Кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және тарату

 

53. Кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша жүргiзiледi.

Кәсiпорын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен көзделген басқа да негiздер бойынша таратылуы мүмкiн.

54. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, Кәсiпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша тиiстi саланың уәкiлеттi органы жүзеге асырады.

55. Кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн қалған таратылған Кәсiпорынның мүлкiн мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган қайта бөледi.

Кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған таратылған Кәсiпорынның ақшасы, Кәсiпорынның мүлкiн сату нәтижесiнде алынған қаражатты қоса алғанда, республикалық бюджеттiң табысына есептеледi.

 

13. Жарғыға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi

 

56. Кәсiпорынның Жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар тиiстi саланың уәкiлеттi органының ұсынымы бойынша мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның бұйрығымен енгiзiледi.

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті

Төрағасының

2017 жылғы «27» наурыз № 325

Бұйрығымен бекітілген

 

«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы»

республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтыру

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Төрағасының 2017 жылғы 14 наурыздағы № 287 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жарғысының 1-бөлімінде:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

  1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – Кәсіпорын) жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.»;

2-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

«Сот сараптамасының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылығы 3 ақпандағы № 34 қаулысына сәйкес Кәсіпорын «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды.»;

6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

         «6. Кәсіпорынның атауы:

толық:

мемлекеттік тілде: «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;

орыс тілінде: Республиканское государственное казенное предприятие «Центр судебных экспертиз Министерства юстиции Республики Казахстан»;

қысқа:

мемлекеттік тілде: «ҚР ӘМ ССО» РМҚК;

орыс тілінде: РГКП «ЦСЭ МЮ РК».

7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Кәсіпорынның орналасқан жері - 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Желтоқсан көшесі, 44-үй.».