-A A +A

Парламент Мәжілісі депутаттары еліміздің өңірлеріне жұмыс сапары шеңберінде Орталық Сот сараптамасы институтына (Астана қ.) барды.

Бычкова Светлана Федоровна бастаған делегация құрамына Мусин Қанат Сергеевич, Козлов Евгений Алексеевич, Нұрманбетова Жәмилә Нүсіпжанқызы, Тілеухан Бекболат Қанайұлы кірді. Сот сараптамасы орталығы басшыларымен және Институт сарапшыларымен кездесу барысында оған қатысушылар сот сараптамасының өзекті мәселелерін талқылады.

Қатысушылар, ең алдымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, ҚР Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауларын іске асырудың негізгі аспектілерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Парламенті қабылдаған жаңа заңнамалық актілердің ережелерін талқылауға ерекше көңіл бөлінді.

Бұдан бөлек С.Бычкова аудиторияның қызығушылығын тудырған «Сот-сараптама қызметі туралы» ҚР Заңының жобасын қарастыру жөніндегі жұмыс туралы айтып берді. Заң жобасы сот-сараптама қызметін жетілдіру үшін әзірленген. Сарапшылық функцияларды бір мемлекеттік органда орталықтандыру туралы нормалар Заң жобасындағы негізгі жаңашылдық болып табылады.

«Сот-сараптама қызметі туралы» ҚР Заңының жобасы жаңа қылмыстық, қылмыстық-процестік, азаматтық-процестік кодекстер мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің нормаларымен сәйкестікке келтірілді. Бұнымен қатар, Заң жобасында сот-сараптама қызметінің міндеттері айтарлықтай кеңейтілді және жаңа ұғымдар енгізілді.

Жеке сот сарапшыларының институтын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген, сондай-ақ Сот сарапшыларының палатасын құру көзделген.

2016 жылдың желтоқсанында заң жобасын Парламент Мәжілісі екінші оқылымда мақұлдады, қазіргі уақытта Жоғарғы Палатаның қарауында.

Өз кезегінде ҚР ӘМ ССО директоры И.Борчашвили қонақтарға Орталық қызметіндегі негізгі жетістіктер туралы айтып берді.

Ол ең алдымен, бұл кездесудің Сот сараптамасы орталығының 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғандығын атап өтті.

И.Борчашвили атқарылған жұмыстарды қорытындылай отырып, сот сарапшыларының арнайы ғылыми білімдерін академиялық жетілдіру мүмкіндігінің ашылуы сот-сараптама қызметін дамытуға қосылған айтарлықтай үлес екенін хабарлады. Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының сыныптауышына магистратура (01.01.2016 ж.) және докторантура (PhD) (01.01.2017 ж.) деңгейі бойынша - 6D030500 «Сот сараптамасы» мамандығы енгізілді.

Орталықтың маңызды бағыттарының бірі сот-сараптамасы зертханаларын аккредиттеуден өткізу және сот сараптамасы қорытындыларының халықаралық деңгейде танылуы болып табылады. Осылайша, 2015 жылы алғаш рет Қазақстанның сот-сараптамасы тәжірибесіне ИСО/МЭК 17025 халықаралық стандарты бойынша аккредиттеу енгізілді. Трасологиялық және баллистикалық сараптамалар, спирт құрамдас сұйықтықтарды зерттеу және зерттеудің басқа түрлері бойынша объектілерді зерттеу саласындағы сынақ зертханасы ретінде Орталық сот сараптамасы институты (Астана қ.) мен Алматы қ. бойынша Сот сараптамасы институты аккредиттеуден өтті.

2016 жылдың желтоқсанында Алматы қ. бойынша Сот сараптамасы институты бейнефонографиялық зерттеу мен құжаттардың техникалық сараптамасы сияқты зерттеу түрлері бойынша қосымша аккредиттеуден өтті. 2017 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Орталық сот сараптамасы институтының аккредиттеу облысын кеңейту күтілуде және Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының зертханаларына сапа стандартын енгізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, Орталық қызметінің басым бағыттарының қатарында сараптамалардың сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік салаларды дамыту, құқық қорғау органдары және соттармен өзара әрекеттістік, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту атап өтілді.

Сапар барысында қонақтар зертханаларды аралап көрді және Орталық сот сараптамасы институтының жарақтандырылуымен – сот сараптамасын жүргізу кезінде пайдаланылатын талдау құрал-жабдықтарымен танысты. Атап айтқанда, криминалистикалық, арнайы және химиялық-биологиялық зертханалардың мүмкіндіктері көрсетілді.

Жалпы, кездесуге қатысушылар кездесудің жемісті және тиімді өткенін атап өтті.