-A A +A

Қазақстанда сот сарапшыларының арнаулы ғылыми білімін академиялық жетілдірудің мүмкіндігі ашылды

Қазақстанда сот сарапшыларының арнаулы ғылыми білімін академиялық жетілдірудің мүмкіндігі ашылды – ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының сыныптауышына магистратура және (PhD) докторантура деңгейі бойынша «Сот сараптамасы» мамандығы енгізілді.

«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» қазақстан халқына жолдауында еліміздің Президенті белгілеген дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың барлық бағыттарын іске асыру кез келген бағыттың әрбір бөлігінде білікті кадрлардың болуына байланысты.

Осыған байланысты, сот сарапшыларының біліктілік деңгейін арттыру Сот сараптамасы орталығы үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Сот сараптамасы орталығы жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында «Сот сараптамасы» мамандығы бойынша магистратура және (PhD) докторларын даярлау мәселесінің оң шешімін тапты.

Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Орталықта 2014 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігімен, сондай-ақ ҚР Инвестициялар мен даму министрлігімен мақсатты жүйелі жұмыс жүргізілді. Осы мәселе бойынша сындарлы өзара әрекеттесудің арқасында егемен Қазақстанның тарихында алғаш рет сот сарапшыларының арнаулы ғылыми білімін академиялық жетілдірудің мүмкіндігі туды.

ҚР Инвестициялар мен даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 18.09.2015 ж. №184-од бұйрығымен ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының сыныптауышына магистратура деңгейі бойынша 6М030500 «Сот сараптамасы» мамандығы енгізіліп, ол 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

ҚР Инвестициялар мен даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 26.10.2016 ж. №270-од бұйрығымен ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының сыныптауышына (PhD) докторантура деңгейі бойынша 6D030500 «Сот сараптамасы» мамандығы енгізілді, ол 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

- ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының сыныптауышында «Сот сараптамасы» мамандығы болмағанын ескерсек, сот-сараптамасы мамандығы бойынша магистрлер мен құқық докторларының қажетті мөлшерін даярлау мәселесі өте күрделі болды. Сарапшы қауымдастығы үшін бұл өте үлкен жетістік болды, себебі кез келген сараптама өз алдына ғылыми сипаттағы зерттеу болып табылады. Тәжірибені талдау, сотқа дейінгі және сот өндірісіндегі материалдар бойынша қабылданған процессуалдық шешімдердің 90% астамы тап осы сот сарапшыларының қорытындыларына негізделген.

- Бұл біздің еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы сот-сараптама қызметін дамыту ісіне қосқан біздің елеулі үлесіміз деп есептеймін, - деп атап өтті ҚР ӘМ Сот сараптамасы орталығының директоры И.Ш.Борчашвили.

Бүгінгі таңда сарапшылардың жаңа оқу жылында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не, ҚазГЗУ-не немесе Л.Гумилев ат. ЕҰУ-не магистратура деңгейі бойынша 6М030500 «Сот сараптамасы» мамандығына түсуін жоспарлау жөніндегі мәселе пысықталуда.

Жалпы алғанда, соңғы 3 жылда 796 сарапшы елімізде және шетелдерде өз кәсіби деңгейлерін арттырды. Соның ішінде, 2014 жылы – 247 сарапшы, 2015 жылы – 270 сарапшы, 2016 жылы – 279 сарапшы.