-A A +A

Алматы қаласы бойынша сот сараптама институтының басшылығы «Экономикалық қылмыстар бойынша сот-тергеу практикасының проблемалық мәселелері» атты өңірлік семинар жұмысына қатысты

2016 жылы 04 қарашада Алматы қалалық сотында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары өткізген «Экономикалық қылмыстар бойынша сот-тергеу практикасының проблемалық мәселелері» атты өңірлік семинар жұмысына Алматы қаласы бойынша сот сараптама институтының директоры З.Ә.Өмірбаева және бас сарапшы Ж.Т.Қарабаева қатысты.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы О.С.Қожабаевтың басшылығымен өткізілген семинар жұмысына Алматы қаласы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы  соттарының қалалық және аудандық судьялары, Алматы қаласы Прокуратурасының, Алматы қаласы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының, Салық консультанттары тәуелсіз палатасының, адвокаттық бірлестіктердің, «Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясы» ОЮЛ өкілдері, «Сбербанк» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «АТВБанк» АҚ, «Евразиялық Банк» АҚ, «Forte Bank» Ақ қызметкерлері қатысты.

Отырыстың негізгі мақсаты 2009 жылғы 12 қаңтардағы «Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» №1 нормативтік қаулыға және 2004 жылғы 18 маусымдағы «Экономикалық қызмет аясындағы қылмыстарды жіктеудің кейбір мәселелері туралы» №2 нормативтік қаулыға енгізілген өзгерістерді түсіндіру, сондай-ақ оларды қолданудың бірыңғай тәжірибесін жасап шығару болды.

Семинар ауқымында экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық істердің құқық қолдану практикасының проблемалық мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу болды, қаржылық пирамида, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны және басқа да мүлікті заңдастырумен байланысты мәселелерге талдау жасалды, оған  белсенді түрде Алматы қаласы бойынша сот сараптама институтының директоры З.Ә.Өмірбаева және бас сарапшы Ж.Т.Қарабаева қатысты.

Семинарда Алматы қаласы бойынша сот сараптама институтының бас сарапшысы  Ж.Т.Қарабаева баяндама жасады, өз сөзінде жалған кәсіпкерлік қызметінің белгілері бар кәсіпорындар бойынша істерді тергеумен байланысты істер бойынша корпоративтік табыс салық және қосымша құн салығының мөлшерлерін анықтау жөнінде сот сараптамаларын жүргізу мен тағайындаудың ерекшеліктерін, мамандар мен сарапшылар қорытындыларының айырмашылығы туралы, сараптама тағайындауға материалдарды мұқият дайындау туралы айтып өтті.

Жүргізілген өңірлік семинар нәтижелері бойынша жалған кәсіпкерлікпен күрес шараларын  жетілдіруге, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы «Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» №1-ші және 2004 жылғы 18 маусымдағы «Экономикалық қызмет аясындағы қылмыстарды жіктеудің кейбір мәселелері туралы» №2-ші  нормативтік қаулыларын әрі қарай қолдану бойынша шараларды жетілдіруге бағытталған бірқатар практикалық ұсыныстар қабылданды.